Өмірден ұққаным...
Өмірден ұққаным...

Тұңғиық қараңғыдан шығып, өмірмен таныстым. 

Алғашында жарықты көріп, қорықтым. Жыладым...
Кейінірек жарықпен өмір сүруді үйрендім.
Бірақ өмірдің қараңғы жағының көбірек екенін көрдім. Шошыдым.
Ең жақындарымды қараңғы жерге салдым.
Тағы да жыладым...

Өмір сүруді үйрендім.
Туудың өмірдің бітуінің басталуы екенін,
одан кейінгі өткен уақыттың болса өлімнен ұрланған уақыт екенін ұқтым...

Уақытпен таныстым.
Уақытпен жарыстым да...
Уақытпен жарысуға болмайтынын, уақытпен тату жүру керектігін уақыт өте келе ұқтым...

Адаммен таныстым.
Адамдардың ішінде жақсылар мен жамандардың болатынын көрдім.
Ақырында жақсылық пен жамандықтың әр адамның ішінде тұрғанын ұқтым...

Сүюді үйрендім.
Соңында – сенуді.
Соңында сенудің сүюден өміршең екенін, сүюдің сенімге негізделгенде ғана мәнді болатынын ұқтым...

Адамның тәнімен таныстым.
Сонан соң тәннің астында рухтың тұрғанын көрдім.
Ең соңында рухтың тәннің үстінде тұратынын ұқтым...

Бір кезде ғаламмен таныстым.
Ғаламды аялаудың жолдарын үйрендім.
Соңында ғаламды аялау үшін әуелі өз айналаңды аялаудың шарт екенін ұқтым...

Нанмен таныстым.
Әлемде бейбітшілік болуы үшін мол нан керектігін түсіндім.
Соңында нанды тек мол өндіру ғана емес, оны әділетпен үлестірудің де қажет екенін ұқтым...

Оқуды үйрендім.
Өз-өзіме жазуды үйреттім.
Соңында сол жазу мені өзіммен таныстырды.
Өзім өшсем де, жазуымның қалатынын ұқтым...

Алға жүруді үйрендім.
Соңыра шыдай алмай кері қайтуды...
Соңында өз-өзіме қарсы жүруді де үйрендім.

Өмірде көп нәрсенің қалауымнан тыс болатынын ұқтым...
Жас кезімде бәрімен ерегесуші едім.
Кейінірек өмірдің ағымымен бірге жүруді үйрендім.
Соңында шынайы күрестің ағымға қарсы жүзу екенін ұқтым...

Ойлауды үйрендім.
Артынша қалыптасқан қалыптар бойынша ойлауды үйрендім.
Соңында нағыз ойдың қалыптарға сыймайтынын ұқтым...

Үйде намыстылық туралы айтылды маған.
Соңыра екіжүзділерде намыс болмайтынын көрдім.
Соңында нағыз намысты адамның күнә қолының астында бола тұра күнәға ұрынбаған жан екенін ұқтым...

Шындықпен таныстым бір күні.
Және шындықтын ащщы екенін көрдім...
Соңында мөлшерлі ащщының тамаққа дәм беретіні сияқты ащщы шындықтың да өмірге дәм беретінін ұқтым...

Сатқындармен де таныстым.
Сатқындар мен қиянатшылдардың тез табысатынын көрдім.
Соңында олардың көптігіне қарамастан өмірде ізгіліктің жеңетінін ұқтым...

Адалдықпен таныстым.
Адалдықтай әдеміні көрмеппін өмірімде.
Алайда адамдардың көпшілігінің оны көрмейтінін, оның орнына арзан дүниелерді құмартып, өмірлерін босқа сарып ететінін ұқтым...

Өмірімде жауыздықты көп көрдім.
Жауыздық пен ізгіліктің теке-тіресінен көп жарақат алдым.
Соңында мейірім мен кешірімнің ең күшті ем екенін ұқтым...

Қыспен таныстым.
Қарлы боран мен қаңтардың үскірігін көрдім.
Адам жүрегінің де суық болатынын байқадым.
Бірақ та ажалдан суық нәрсенің жоқ екенін онымен танысқанда ұқтым...

Ажалмен де таныстым.
Өткен өмірім көз алдымнан жүгіріп өтті.
Қазіргі көргенімді ертерек білгенімде өмірімді басқаша өткізетінімді ұқтым...

Әр адамның өлімнің дәмін тататынын, ал азғантай адамның өмірдің дәмін тататынын ұқтым...

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
9 лет назад 6497
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир