- Тоқтар аға, сіз соғыс бітіп, ел енді есін жия бастаған жылдары дүниеге келіпсіз. Әкеңіз Оңғарбайдың оныншы баласы екенсіз. Бірақ тағдыр ол кісілерге қазақтың тұңғыш ғарышкерінің ата-анасы болып жүруді жазбапты. Ата-анаңыздан ерте айырылып, қаршадайыңыздан қара жұмысқа араласыпсыз. 15 жасыңызда Теміртау құйма-механика зауытында токарь болдыңыз. Балалық кезіңіздің кедір-бұдыры көп болғанға ұқсайды. Әңгімемізді бала Тоқтардың тағдырынан бастасақ.
- Шешем 10 құрсақ көтеріпті. Мен – ең кенжесімін. Менің алдымда сегіз қыз, бір ұл болды. Сол сегіз қыздың бесеуінен айырылғанбыз. Менің алдымда бір ұл болыпты. Ол өмірге келгенде, туған-туыс, көрші-қолаң – бәрі қуанып, тойлап жатқаны сол екен, ағам аяқастынан шетінеп кетіпті. Анам әбден жылаған көрінеді. Алла тағаланың шеберлігінде шек жоқ қой, біздің отбасымызға тағы бір ұл сыйлады. 1946 жылдың 27 шілдесінде Әубәкіровтердің әулетінде қап-қара (күледі) сәбидің шырылдаған дауысы шығады. Анамның айтуынша, мен туылғанда, бүкіл ауыл тойлапты. Бәрі қуанып, мәре-сәре болып жатқанда, менің кіндігім байлаған жіптен шығып кетеді. Әлгі қап-қара бала «аппақ» балаға айналған ғой. Төсегім қып-қызыл қанға боялған. «Ойбай-ау, тағы да бір баланы өлтіріп алдық қой», – деп жылапты жиналған жұрт. Адамның өмірі Алла тағаланың қолында ғой. Аман қалыппын. Бірақ әкем менің әлгі жағдайымнан кейін аурыңқырап, ауруханаға түсіп қалады. Көп ұзамай қайтыс болып кетеді. Жеті айлығымда әкемнің иісін де сезінбестен айырылып қалдым. Әкем қайтыс боларда қасына еңбектеп барып жылаппын. Мені қолына алып: «Менің өмірімнің жалғасы, міне, осы бала», – депті де, жүріп кетіпті.
Теміртау қаласында 11 жасыма дейін апамның қолында тұрдым. Жездемнің қамқорлығында болдым. Анама қаланың суы жақпай, біраз ауырды. Ауылға қайтуға тура келді. Есімде, үйден бірқанша қашық жерден өліп-өшіп су таситынбыз. Үйде нан мен майдан басқа ештеңе болмайтын. Тамақ деген ол кезде жоқ қой. Ауылда жетінші сыныпқа дейін оқыдым. Сегізінші сынып болмағандықтан, Теміртауға келдік. Шешені асырау керек. Жүк тасумен нәпақа таптым. Ол кезде үлкен қаптағы қанттың салмағы 101 келі болатын. 71 келі тартатын ұнды да иығыма қойып, мәшинеден мәшинеге таситын едім. Кешке әбден шаршайсың. Бірақ жаспыз ғой. Сезіне бермейсің. Ол кезде қазіргідей «первый», «второй» деген жоқ. Түскі асымыз – бір литр қаймақ пен бір бөлке нан. Кешке оқуға барамын. Оқу мен жұмысты бірге алып жүрдім. Сонда да сабақты беске оқыдым.
- Тағдырдың тауқыметі, әкенің жоқтығы мақсатыңызға кедергі болды ма?
- Әрине, болды. Бірақ мен өз-өзімді тәрбиеледім. Қаймықпадым. Өзге балалардың әкесі, қамқоршысы болды. Мені «жетімсің, жолама арамызға» деп кемсіткендер кездесті. Тіпті кейде боқтап та жіберетін. Бірақ мен еш өкінбестен, үлкен кісілермен қатар жұмыс істедім. Тракторлардың бұрандаларын қысқанымда, оны үлкен кісілер кері шеше алмайтын. Жастығыма қарамай, үйдегі орындықтарға дейін өзім құрастыратынмын. Оны сатып алуға жағдайымыз көтермейтін еді.
- Бір сұхбатыңызда: «Қиналған сәтімде қазақтың әні рух, жігер сыйлады», – депсіз.
- Анам қайтыс болғанан кейін бір апта өтер-өтпестен нағашымнан айырылдым. Ол кезде мен Ресейде оқитынмын. Анам мен нағашымды жер қойнына тапсырып, Ресейге қайта бардым. Сол кезде қатты қиналдым. Ауруханаға түстім. Өмірден түңіліп, еш нәрсеге зауқым соқпай қалды. Сол кезде радиодан Бибігүл Төлегенова 25 минут бойы қазақша ән айтты. Бұл маған қатты әсер етті. Өмірге деген құштарлығымды арттырды. Осыдан кейін өмірімде өзгерістер пайда болды. Бірден қол-аяғымды жинап, ауруымнан сауығып кеттім. Ол кісімен Мәскеуде бір жолыққанымда, болған жайды айна-қатесіз айтып бердім. Алғысымды білдірдім. Әлі күнге дейін Бибігүл апамды құрметтеймін.
- Ұшқыш болу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Бізге өмір мен өлімнің арасындағы мамандық сияқты көрінеді. Сіз үрейге, қорқынышқа бой алдырған жоқсыз ба?
- Жаңадан ұшқыш болып жүрген кезім. 1977 жылы 13 ұшқышты жерледік. Тепсе темір үзетін мықты жігіттерімізден айырылдық. Менің өмірімде де біраз қиыншылықтар болды. Бойымды үрей билеген сәттер кездесті. Бірақ Алла тағаланың қалауымен оның бәрі артта қалды. Батыр болмасам, аспанға ұшар ма едім? Мен қазақтың абыройы үшін ұштым. Ал қазіргі ғарышкерлердің қандай мақсатпен ұшып жатқандарын бір Алла біледі.
- Сіз – ғарыш саласының майын ішкен мамансыз. Техника ғылымының докторысыз. Қазақстан өзіңіздей маманға зәру. Неге жұмыс істей бермейсіз?
- Мен, әрине, ғарыш саласында жұмыс істегенді жақсы көрер едім. Көремін де. Мен – кезінде өз саламда жарты жыл тегін жұмыс істеген адаммын. Айына 10 доллар алатынмын. Оған кейбіреулер күлуі мүмкін...
- Отбасыңызға ойыссақ, Ресейде өмірге келген ұлдарыңызды қазақша тәрбиелеп жүрсіз бе?
- Оларға қазақша әндер тыңдатам. Әсіресе кіші ұлым қазақша ән тыңдағанда, көзі жайнап кетеді. Алғашында оларды қазақша тәрбиелеу қиынға соқты. Себебі өзім де орысша ойлайтынмын.
- Қазақшаңыз тәп-тәуір екен. Біраз бұрын орысша сөйлеуші едіңіз...
- Қазақстанға келгенде, бәрі мені ерекше ықылыспен қарсы алды ғой. Алақандарына салып аялады. Бірақ мен қазақ болып, орысша сөйлегеніме қатты ұялдым. Кеудемді намыс кернеді. Қазақша үйренуге қатты кірістім. Қазақ радиосын тыңдап, қазақ газеттерін көп оқыдым. Білмейтін сөздерімнің әуелі орысшасын ұялмай сұрап алатынмын. Қиындығына мойымай үйреніп алдым. Бұған ниет керек, жігер керек.
- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
- Аңшылықты жақсы көремін. Ауылдағы ағайын анда-санда «қасқыр көбейіп кетті, бір келіп кетсеңші» деп шақырады. Барамын. Қасқыр атам. Олар маған соғымдарын сойып беріп қайтарады.
- Дінге қалай қарайсыз?
- Атеистік идеология менің де санамды жаулаған екен. Бірақ мен ұшардың алдында ылғи Аллаға сиынатын едім. Сол сенім қазір жемісін беруде. Мешітке барып тұрамын. Садақамды беремін. Құранымды оқып тұрамын. «Бiсмiлләмді» айтып жүремін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ерболат АЙТБАЙҰЛЫ
www.muslim.kz