Тәубе ету
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім истиғфарды аузынан тастамаса, оған Алла тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді»,- деп өсиет еткен. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан жарылқау және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей айбат!» («Имран» сүресі, 135-136 – аят) - дейді. Расында да Алла тағала көптеген аятта тәубе еткен құлдарды кешіретінін айтады. Тіпті, шынайы тәубе жасағандардың күнәларын сауапқа айналдыратыны жөнінде: «Кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Фурқан» сүресі, 70-аят) – делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аллаға ант, шын мәнінде мен бір күнде Алладан жетпіс мәртебеден астам кешірім тілеп, тәубе етемін» - деген. Әбу Мұсадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ия, Раббым! Қатем мен білімсіздігімді, барлық істеріміздегі ысырапшылдығымды және Өзің менен де жақсы білетін күнәларымды кешіре гөр. Ия, Алла! Қалжыңдап, әрі әдейіге және білмей істеген күнәмді кешіре гөр. Ия, Аллаһым! Күнәмнің бұрынғысы мен соңғысын, жасырыны мен жариясын кешіре гөр. Сен ілгерілетушісің және кейінге қалдырушысың. Әрі барлық нәрсеге күш-құдіретің толық жетуші»,- деп дұға ететін дейді. 
Сондықтанда күнәларына тәубе етпегендер болса бүкіл әлемдердің Раббысы Алла тағаладан кешірім тілеп, әрі Оған тәубе етіңіздер! Әр күн сайын, әр сәт сайын қателіктерге бой алдырмауға, қандай жағдай болмасын сабырлық танытуға әрекет жасаңыздар. Кез-келген адамдармен көркем түрде байланыс орнатуға, кез-келген адамға мейірімді болуға талпыныңыздар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім мейірімділік етпесе, өзі де мейірімділікке бөленбейді»,-десе, тағы бір хадисте: «Алла тағала жұмсақ. Әрі жұмсақтықты жақсы көреді. Ол қатігез кісіге нәсіп етпеген нәрсесін, оған (мейрімідіге) нәсіп етеді», - дейді. Сонымен қатар кез-келген істі даналықпен шешіп, байсалды болуға, мұсылман баласына тән жақсы қасиеттерді бойларыңызға сіңіріп, Құран мен Сүннет бойынша өмір сүруге талпыныңыздар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендердің абзалдарың мінез-құлқы жақсы болғандарың»,-дейді. Ендеше Рахман Алла баршамыздың біліп істеген, білмей істеген, жария қылған, жасырын қылған қате кемшіліктерімізді, үлкенді кішілі күнәларымызды кешіріп, Өзінің Рахымы мен Мейіріміне бөлегей! Раббымыз Алла Тағала біздерді Өзінің сүйікті құлдарының қатарына қосып, екі дүниенің бақытын нәсіп еткей! Әмин!
Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
10 жыл бұрын 10822
0 пікір
Блог туралы