Кеше кім едің?

Халифа Омар (р.а.) мешіт мінберіне шығып халыққа құтпа оқып тұрып, әлден уақытта іркіліп қалады да: "Әй, Омар, сен кеше ғана әкең Хаттабтың түйесін баққан малшы емес пе едің?" - дейді. Жұрт аң-таң болады. Сірә, ешкім ештеңе түсінбесе керек. Кейін бұл сөзді неге айтқанын сұрағандарға халифа: - Мінберге шығып сөйлеп жатқанда, әлдеқандай ой келді. Тәкаппарлықтан қорқып, өз-өзімді сабама түсірдім, - деген екен. Ал, Ахмет Йүгінеки бабамыз өзінің бір өлеңінде: 

Тәккаппар тонын киме «біл!» демегім,
Халықты кеуде керіп тілдемегін.
Нышаны момындықтың – кішіпейіл,
Кішік боп еш адамды күндемегін...

Өзгертпе ұлық болсаң өз күйіңді,
Ұмытпа шайы кисең бөз киімді.
Дәрежең өскен сайын ұстамды бол,
Айта біл жас-кәріге сөз түйінді...

Тағы бір керекті сөз айтам дастан,
Ұғып ал құлақ салып мендей достан.
Айнымас кішіпейіл бола білгін,
Аластап тәкаппарлық ойды бастан!,-деген екен.

Расында да кейбір адамдар дәрежесі өскен сайын тәкаппарлана түсетіні жасырын емес. Бірақ, сондай адамдар бұл өмірдің өткінші екенін білмейтіні жаман, білген күннің өзінде амал етпейтіні қандай өкінішті. Омар ибн Абдул Азиз: "Шын мәнінде адам өмірін Аллаһ Тағала уақытша етіп жаратты. Өмірде қанша менменсіген өздеріне сенімді тұлғалар өмір сүрді. Біраз уақыттан соң олардың барлығы дүниеден өтті. Сондықтан, Алла Тағала сендерді мейіріміне алсын, барар жолдарың мен алып барар сыйлықтарың жақсы болсын, сондай-ақ азықтарыңды да алыңдар, ал азықтың ең қайырлысы тақуалық Алладан қорқу",-деген екен. Ия, расында да тақуалық - күллі жақсы қасиеттердің қайнар көзі. Раббымыз Алла Тағала біздерді тақуа құлдарының қатарынан болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
10 жыл бұрын 4999
0 пікір
Блог туралы