Әйелді қалай ТАҢДАУ КЕРЕК?

Ақ көйлек киіп, армандап, сүйіп, «бізді тек өлім ғана ажыратады» деп некелерін қиғызған отбасылардың арасында ажырасу жиілеп барады. Қазақ қоғамы үшін кезінде сүйекке таңба саналатын осы келеңсіздік қазір қалыпты жайға айналған. Кеңестік дәуірде «кемелденіп», жаһандану «жандандыра» түскен бұл кесел – қоғамның өзек құрты секілді. Әдеп, иба, тыйым деген ұлттық тәрбиеге тән ұғымдарды алыс-жақын шетелдің азғындатқыш фильмдерінің арсыз тәрбиесі алмастырып, отбасылық жауапкершілік деген қасиетті ұғым ойыншыққа айналды. Отау құрғандардың АҚШ-та – 43, Англияда – 42, Ресейде – 41 пайызы ажырасып кететінін, ал ең «ажырасқыш» қалалар қатарына Нью-Йорк (51%) пен Мәскеу (49%) жататынын ескерсек, біздің кімдерге қарап көш түзеп отырғанымызды бірден ұғасыз.
Әрине, сіз көптеген замандастарыңыз тәрізді «бір-бірін шын сүйген ғашықтарды ешкім, ешқашан ажырастыра» алмайды деген пікірді ұстануыңыз мүмкін. Бұл пікірді мүлде жоққа шығаруға болмас. Алайда жантанушылар зерттей келе, махаббат дегеніңіздің өзі жүйкені жаулап алатын ауру екенін, ал осы «кесел» меңдеп, есі кетіп тұрған сәтте үйленгендердің 40 пайызы алғашқы үш-төрт ай ішінде, 30 пайызы бір жылдан соң ажырасып, үш жылға таяғанда, солардың 30 пайызға жетер жетпесі ғана отбасын сақтап қалатынын айтады. Психологтардың пікіріне сенсек, ең кемі екі-үш жыл бір-бірін жете танып барып, ақ некесін қиғызған отау иелерінің 80 пайызы шаңырағын шайқалтпай ұстап қала алады.
Қалай десек те, ежелден «әйелі ерге қарайтын...» ел болғандықтан және текті, әулетті, тұқымды еразаматтың кіндігінен таратып, соның атасының атын жалғастыратындықтан, отбасын құруда аса мұқият болу және жылы ұяны бұзып алмай ұстап тұруда жігіттерге жауапкершілік көбірек артылады. Сондықтан әңгімені жігіттердің жар таңдауда қателесіп кетпеуі үшін не істегені жөн екендігіне қарай бұрайық.
Қыз айттырудың қазақы салттан бөлек немесе әйел таңдаудың исламдық жолы да бар. Мұхаммед (с.а.с.) бұл туралы: «Жар таңдауда төрт нәрсеге көңіл аудару керек: байлығына, атағына, сұлулығына және дініне. Сен үшін ең абзалы дінді ұстанатын қыз, егер де керісінше болса, сен ұтыласың» деген. Оған алатын қалыңдықтың ең басты қасиеті – имандылығына қоса сұлулығы мен мінезінің биязы болуының да мәні зор екенін қосып қойыңыз.
Алайда қазір заман басқа. Ибалы қыздар аз болмағанымен, дінге ұйыған иманды қыздар қатары көп емес. Әсіресе, қаланың жағдайында беті 99 бояумен «сырланған» қыз сыртынан қарағанда үзілгелі тұрған гүлдей үлбіреп тұрғанымен, оның мінез-құлқы мен әдебін көргенде екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кетуің ғажап емес. Олай болса қазіргі заман аруларын төмендегідей түрлерге бөліп қарастырып көрелік:
Бизнеследи. Бұл – өз дегенімен жүретін, айналасындағыларды «айдап өргізіп, иіріп жусатып» үйренген, билік десе ішкен асын жерге қоятын, өз мүддесін бәрінен жоғары қоятын, тәкаппар әйел. Әрине, олардың ішінде ақшадан адами құндылықтарды жоғары қоятындары да бар. Бірақ өте сирек. Өйткені бизнес заңы қатал.
Ұтарыңыз: Үйіңде үнемі ақша болады. Бизнесте үлкен табыстарға жеткен әйелдер еркектер сияқты сыртқа емес, үйіне тасиды. Тұрмысың жақсы болады, шалқып өмір сүресің.
Ұтылатыныңыз: Әйеліңнің көлеңкесінде қалып, соның айтқанына көніп, айдауына жүріп, тіршілік кешесің. Кейде мұндай әйелдер ер мінезді, зор денелі, қайсар еркектерді таңдайды. Бұл жағдайда бизнеследидің бұйрығына әлгіндей азамат оңайшылықпен көнбейтіндіктен, ажырасып тынады.
От анасы: Ол бүкіл өмірін өзінің отбасына, балаларының тәрбиесіне, отбасының бақытына арнайды. Ондай әйелі бар үй қашанда мұнтаздай, бақ-берекеге толы. Ондай әйелдер ерінің ісіне жөнсіз киліге бермейді.
Ұтарыңыз: Балаларыңыз тәрбиелі, үйіңізде береке, достарыңыз да, туыстарыңыз да риза.
Ұтыларыңыз: Бизнеследи сияқты ойдан-қырдан ақша жасап, шапқылауды ұнатпайды. Отбасын қаржымен қамту барлық еркектер тәрізді сіздің мойныңызда болады.
Сылқым келіншек: Бұл – барын киіп, «байпағын қолына ұстап», той-томалақтан қалмайтын, тапқаныңды бояуы мен киіміне жұмсайтын ерке әйел.
Ұтарыңыз: Жиын-тойда сырын білмейтін ел қызыға қарауы мүмкін.
Ұтыларыңыз: Тапқан табысыңда, отбасыңда береке болмайды. Сен тек оған ақша тауып киіндіріп, тойындыру үшін ғана керексің. Оның қолынан түк келмейді. Сондықтан өмір бойы ердің де, әйелдің де қызметін қатар атқаруға дайын болсаң, сылқым келіншектің етегінен ұста.
Бұл – айтылғанды ескеру-ескермеу өз еркіңіздегі шаруа. Десе де басыңыз көрге жеткенше өмірлік жолдас болар жанды табу жолында талғам да, таңдау да, талап та ерекше болуға тиіс. Бұл орайда дәрігерлердің, жантанушылардың да кеңесін ескерген абзал.
Айталық, сізге көзі оймақтай, ерні қаймақтай әдемі қыз ұнады делік. Адамның таңдауы ең алдымен, тән сұлулығына түседі. Сөйтіп, сіз өзгелерден ерекшеленіп тұрған сымбатты қызбен сырлас болдыңыз. Енді онымен жақын таныса келе, оны жар етуді ойласаңыз мынадай талаптарды жүзеге асыру қажет болады:
Біріншіден, оның өзін және туған-туыстарын зерттеңіз. Олай болмағанда сіздің балаңыз тұқым қуалау арқылы берілетін туабітті тән кем­шіліктерімен туылуы мүмкін.
Екіншіден, оның өзінің және туған-туыстарының денсаулығына дa назар аударыңыз. Бұл сізді ұрпағыңызды тұқым арқылы берілетін (қояншық сияқты) әртүрлі дертті болуынан сақтайды.
Үшіншіден, оның айналасындағы достарына зер салыңыз. Өйткені ертең үйленгеннен кейін езуінен шылымы түспейтін немесе жігітті көйлекше ауыстыратын, болмаса көк мылжыңмен миыңды ашытатын достары сіздің де достарыңызға айналып, үйіңізден шықпайтын болады. Сондықтан егер сүйіктіңізді тастауға қимасаңыз, әлгіндей достарымен қарым-қатынасын үзуін өтініңіз. Болмаса, жора-жолдастары дұрыс, тәрбиелі ортадан өзіңізге лайықты басқа жар іздеңіз.
Төртіншіден, және ең бастысы, қыздың өзінің мінезқұлқынан басқа да қасиеттеріне жақсылап көңіл аударыңыз. Әйелді мынадай қасиеттеріне қарап таңдаңыз: өмірге деген құлшынысы жоғары, ақкөңіл, жайдары, мейірімді және сіздің туыстарыңызбен, достарыңызбен тез тіл табысып үйіріп алып кете алатындай жан болуға тиіс.
Алтыншыдан, өзіңіз үйленгіңіз келетін адамды жиырма төрт сағат бойы қасыңыздан көруге сенімді екендігіңізге әбден көз жеткізіңіз.
Әдетте әдемі қызды көргенде жас жігіт бірден ақылын жоғалтып, өзінің тағдырын оның қолына ұстата қояды. Оның айналасындағы достарының, туыстарының болашақ жары туралы айтқан ескертулерін құлағына да ілмейді. Өйткені ғашықтық сезім оны соқыр әрі керең етеді. Әрине, бір көргеннен ғашық болуы да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ олардың мыңнан біреуі ғана шын мәнінде, бақытты болуы мүмкін екенін жоғарыда айттық.
Әйел таңдау кез келген ер-азаматтың басына түсетін іс. «Қамшы сабындай» десек те, ғұмырыңның аяғына дейін өзіңмен бірге болып, тұрмыс кешетін және үрім-бұтағыңды өсіретін от анасын таңдау оңайға түспейді. «Жақсы әйел алғанның үйінен ырысы кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрысы кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған. Қыз күнінде қырмызыдай жайнаған арудан ертең қандай әйел шығатынын дөп басып тану қиын. Бір қарағанда көзге көркем көрінгенмен, оның жан дүниесінің қаншалық сұлу екенін қалай танырсың?! Ал жан сұлулығы жоқ жерде отбасының болашағы бұлыңғыр. Сондықтан болар, біздің қазақ әуелі қыздың тегіне қараған. Тектілік дегеннің өзі қанмен біткен кішіпейілділік, ибалылық, имандылықтан бөлек атадан балаға, анадан қызға отбасы арқылы берілетін тәрбие деп те ұғыну қажет шығар. Сондықтан да бұрынғылар қалыңы қанша қымбат болса да, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдатып, текті жерден қыз алған. Әрі қазақтың алдын ала айттыруы мен текті жерге құда түсіп, қыз алуы тұқымының тәрбиелі, иманды болатынының кепілі. Өйткені бала қашан ат жалын тартып мінгенше ана тәрбиесінде болады. Ал егер тәрбиелілік сол ананың тегінде жоқ болса, тұқымың тозды деген сол.

Бағжан Мұқарам

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
10 жыл бұрын 12653
0 пікір
Блог туралы