Сабасына түскен құл

Алтын Орда дәуірінде дүниеге келіп, өмірінің соңын Мысырда өткізген Сайф Сарайдың бір әңгімесін оқыдым. Онда былай жазылған: «Бір патша құлымен бірге кемемен жүзіп келе жатты. Бұрын кемеге мініп көрмеген құлы қорқып жылай бастайды. Жұрттың мазасын алды. Оны ешкім сөзбен жұбата алмады. Сонда бір данышпан кісі патшаға: «Егер рұқсат етсеңіз оны тыныштандырайын»,-депті. Патша рұқсат беріпті. Данышпан құлды теңізге тастады. Байғұс құл суға бір батып – бір шығады. Екінші батқанында оны шашынан тартып, қайтадан кемеге шығарып алыпты. Құл кемеге әзер дегенде мініп, бір бұрышқа барып бүрісіп, үн-түнсіз отырып қалыпты. Патша: «Бұл қалай болды?» - дегенде, данышпан: «Бұл адам теңізге қарық болудың машақатын көрмегендіктен, өзінің сау-саламат отырғанынның қадірін білмеді. Бейнет көрмеген адам рахаттың қадірін білмес»,-депті.»
P.S.
Бүгінгі таңда еркін елде еркін тыныстап, тәуелсіздіктің қадірін білмей жүрген, жоқ жерден бүлік шығарып, қолындағы барға шүкір етпеген кейбір адамдар кемедегі адамға ұқсайды екен. Сайф Сараи өзінің тағы бір сөзінде: «Ең артық жаратылған – адам, ең төмен жаратылған – ит, ол нан-тұздың қадірін біледі, ең жаман жаратылған – соны білмейтін адам»,-деген екен! Ендеше, тәуелсіздіктің қадірін білейік, ағайын! 

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
2 года назад 628
1 комментарий
О блоге