Қазақтың әйгілі жанұясы қалай «тәжік отбасына» айналды?

Мәссаған!
Кеше кино көрдім…
«Алма-ТВ» үш күн бойына «нет сигнала» деп тұрып алған соң, антенасы шатырға байланған асүйдегі телебізірге телмірдік те қалдық… Әншейінде бөлме-бөлмеге кіріп жоқ болатын бала-шаға бәріміз Первый канал Евразия / Channel One Eurasia-дан ‪#‎Одинокиесердца‬ деген киноны көріп отырғанбыз…

Бір кезде… «тігінші қызды шығарып салған жігіті аулада бір адамға бірнешеуі жабылып ұрып жатқан төбелестің үстінен түседі. Жалғызға болысып, ажыратып алады…полиция, түсінік беру… Қойшы, әйтеуір, кинодағы сюжет осылай жалғасып барып, ертесі болады. Әлгі тігінші қыз полицияға түсіп қалған жігітін таныс-тамыр арқылы шығарып алады. Үйіне қайтады.

Аулада әлгі жабылып ұрған бұзақылардан таяқ жеген жігіт (аула сыпырушы тәжік) жүр, сыпырып ауласын. Тігінші қыз (фильмнің басты кейіпкері) бен  тәжік жігіттің арасында әңгіме-дүкен орын алып, тәжік жігіт қойын қалтасына салып жүрген суретті суырып алып, қызға «Міне, менің отбасым. Туыстарым… біз үлкен отбасы боламыз…» деп суреттегі туыстарын көрсете бастайды.

Кинодан үзінді

Бар бәле дәл осы эпизодтан шықты!
Киноны көріп отырып өз-көзіме өзім сенбей қалдым?!
Бәріміздің көзіміз үйренген, таныс бейнелер… таныс сурет.

фильмнен алынған үзінді кадр

«Одинокие сердца» деген кинодағы кейіпкер — тігінші қызға, аула сыпырушы тәжік жігіт өзінің Тәжікістанда қалған отбасы туралы айтып, «туыстарының» суретін көрсетіп тұр.

Кино кейіпкері — аула сыпырушы тәжік жігіт көрсетіп тұрған суретте… біздің, Қазақстанның, Президентінің отбасы мүшелері!

Аң-таңмын.

Бұл қалай болғаны? Белгілі саяси тұлға, әлемге аты әйгілі бір мемлектеттің басшысының отбасы мүшелері бейнеленген суретті өздерінше өзгерткенсіп, түпнұсқалықта бейнеленгендей ортасындағы мемлекетіміздің басшысының бейнесін тәжік ақсақалының бейнесіне алмастырып, «бұл менің отбасым» деп тұр..!

ҚР Президенті Н.Назарбаев отбасы мүшелері ортасында

Елге танымал тұлғалардың бейнесін көрсетіп кинодағы кейіпкер, аула сыпырушы жігіт «Мынау — пәленше, мынау — түгенше…» деп, туыстарын «таныстырып» тұр…

Бұл не?

Фильм туралы деректерді іздей бастадым. Сайттардағы дерекке сүйенсек, 2013 жылы түсіріліпті. Режиссері — Сергей Комаров, УПС кинокомпаниясы түсірген-мыс.

Ирина Пегова, Андрей Чернышов, Юлия Такшина, Владимир Симонов сынды ресейлік танымал әртістер ойнайды. Сценарийін Аркадий Инин жазған.

Ресейлік киногерлердің көздегені не болғанын білмеймін, бірақ, бір мемлекеттің басшысын танымауы, көрші ел Президентінің отбасын «тәжік» отбасы етуі миға симайтын жәйт. Сауатсыздықтары былай тұрсын, надандықтың белгісі дерсің?!

Айтпақшы…

Осыдан біраз бұрын «Гульчатай» деген бір киноларын көргем. Сонда «Өзбекстанды көрсетіп жатырмыз, Ташкент қаласы бұл» дегізіп, Шымкенттің көшелерін, Тәуке хан даңғылындағы әйгілі «Қызғалдақ» субұрқағын көрсеткен.

Ол-ол ма, сол «Гульчатай» телесериалында Өзбекстанның мемлекеттік филормониясы дегізіп, Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филормонияны көрсеткен. Кіреберістегі Шәмші ағамыздың ескерткішін, филормонияның фоесіндегі Жамбыл Жабаевтың портреттерін көрсетіп, көрерменге «Бұл — Ташкент. Өзбекстанның мемлекеттік филормониясы» дегіздірген еді…

Ендігісі мынау?!

Ресейде аула сыпырып жүрген тәжік жігіт өз отбасы етіп Қазақстан Республикасы Президентінің өз отбасы мүшелерімен түскен суретін көрсетіп тұр. Тек ортадағы тұлғаның бейнесін тәжік шалының бейнесімен алмастырған…

Бұл фильм Қазақстанда, қазақстандықтар көретін «1 канал Евразияда» көрсетіледі. Үндінің сағызша созылған фильмдерінен жүрек айнығанда «Ресейлік киноны көрелікші…» дегендегіміз осы болды. Бұған кім кінәлі?

Өз кинотуындыларында Қазақстанды өзге мемлекет етіп көрсету, қазақтарды өзге ұлт етіп көрсету Ресейге не үшін қажет?

Менің ақылым жетпей тұр, сіз не дейсіз?

Автор: 

http://kz.otyrar.kz/

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
2 года назад 1592
3 комментария
О блоге