НЕГЕ АЗ?
НЕГЕ АЗ?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Расында Алла Тағала дүниені сүйген пендесіне де, сүймеген пендесіне де береді. Ал, иманды тек сүйген пендесіне ғана береді», – деген. Сол себептен де ата-бабаларымыз: «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді», «Имандылық – бақыттың шыңы, имансыздық – екі дүниенің мұңы» деп имандылыққа ерекше мән беріп отырған. Ал хаким Абай:

Мүмін болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол!
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафық намаз қылмап па, мағлұм ғой ол, – деген.

Осындай қарапайым мысалдардан-ақ әр бір саналы адам нәтиже шығару керек. Мысалы үшін, сіз қап-қараңғы түнде айдалада келе жатырсыз. Бір кезде адасып кеттіңіз. Аяғыңызға тікен кірді, сүріндіңіз, құладыңыз. Сізде бір қорқыныш, үрей пайда болды. Баратын жеріңізге жете алмай, өмірден түңілдіңіз делік. Осы кезде алыстан бір жарық көрінді. Жарықты көрген бойда сізде үміт пайда болады. Жарыққа жүрген бетте артыңызда көлеңке еріп жүреді. Жарыққа жақындаған сайын көлеңке ұзара түсіп, жарыққа жеткен кезде көлеңке жоқ болып кетті. Енді осы бір мысалды салыстырмалы түрде түсіндіріп көрейік. Әлгі жарық сіздің иманыңыз, ал артыңызда қалған көлеңке сіздің қиыншылықтарыңыз, жаманшылықтарыңыз екен. Осы бір мысалдан имандылық адам баласын қараңғылықтан жарыққа алып шығаратын Алла Тағаланың бізге берген үлкен байлығы екенін аңғарамыз.

Дана Абай қара сөздерінің бірінде: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, иманы бар кісіге ғибадат парыз», – деген екен. Бұл жердегі ғибадат дегеніміз Алла Тағалаға деген құлшылығымыз, бес уақыт намазымыз. Өйткені, Алла Тағала «Зарият» сүресінің 56-шы аятында: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым», – деген. Кейде біз құлшылыққа келгенде жалқаулық танытып жатамыз. Асылында бұл үлкен қате. Кейде айналаңдағы адамдарға, жақындарыңа, достарыңа «Қашан намаз оқисың?» – десең: «Әлі намаз оқуға ерте», «Ең бастысы жүрегім таза» деген жауаптан әрі аса алмай жатады. Бұл жайында Махамбет Өтемісұлы: «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ», – десе, Бұхар жырау бабамыз: «Діл мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?», – деген екен. Ал Абай Құнанбаев: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес», – дейді.

Баяғыда бір кісі қаншама жыл құрылыс саласында қызмет атқарған екен. Зейнет жасына келгенде бастығына келіп: «Басеке, мен зейнетке шығатын уақытым келді, арызыма қол қойып беріңіз, мен жұмыстан шығайын», – депті. Сонда бастығы: «Әрине, зейнетке шығасыз. Бірақ бір өтінішім бар. Әлі салына қоймаған бір үй бар еді, соны салып, бітіріп берсеңіз, рұқсат», – деген. Әлгі қариямыз аз күнде тез бітіріп, үйдің кілтін бастығына берсе, бастығы өзіне қайтарып береді. Бұған таң қалған ақсақал: «Басеке, мұныңыз қалай?» – дейді. Сол кезде бастығы: «Ақсақал, негізі бұл сіздің үйіңіз, енді бұл үйде өзіңіз тұрасыз», – депті. Бастығынан мұндай жауапты күтпеген әлгі қария: «Қап, өзімнің үйім болатындығын білгенімде бар мүмкіндікті пайдаланып, зәулім сарай салып алатын едім ғой», – деп өкініп, санын ұрып қалған. Бұл мысалдан алатынымыз, біздің әрбір жасаған құлшылығымыз, намазымыз, ғибадатымыз өзіміз үшін. Ертеңгі күні олардың жемісін өзіміз көреміз. Сондықтан да «Бұл дүние – ақиреттің егіндігі» деп бекерден бекер айтылмаса керек.

Кейде адам баласы бұл дүниеде мәңгі жасайтындай бейқам жүре береді. Сөйтіп барлық сауаптан, қолда бар мүмкіндіктен құр алақан қалады. Шәкәрім атамыз «Ажалсыз әскер» атты өлеңінде:

Сауап көп ғибадатқа десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Адалдың адал ризығын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.
Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің қатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.
Шаранамен туып едің,
Боз оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды, нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?! – деген екен.

Осы ретте тағы бір мысалды тілге тиек ете кетейік. Бірде Имам Раббани көзге түрткісіз қараңғы түнде бір топ шәкірттерімен бірге таудың жолымен жоғары қарай көтеріліп келе жатады. Жолда күн жауып, боран болыпты. Шәкірттердің мазасы қашады. Бірақ ұстаздары тоқтауды бұйырмағаннан кейін, оның артынан ілгері ілби жүре береді. Жауын толастағанда иман Раббани: «аяқтарыңа бірнәрсе батты ма?» – деп сұрайды. Шәкірттер: «Батты», – деп жауап береді. «Сол батқан нәрсені алған да өкінеді, алмаған да өкінеді», – дейді имам. Қараңғыдағы бораннан әбден қалжыраған шәкірттердің бір бөлігі: «Ақыры өкінетін болғаннан кейін оны алғанда не, алмағанда не?» – деп, табандарына батқан тас секілді нәрсені алуға ерініпті. Ал, шәкірттерінің қалған бөлігі: «Ең болмаса алып, не екенін көрейік», – деп ойлап, қалталарына бір-екі түйір белгісіз тасты салып қояды. Ертеңіне таң атқан соң тасты алып қараса, гауһар екен. Сонда алмағандар: «Неге алмадық?» – деп, алғандар: «Неге аз алдық?» – деп өкініпті. Дәл осы секілді қиямет күні намаз оқымағандар: «Неге намаз оқымадық?» – десе, ал намаз оқығандар: «Неге аз оқыдық?» – деп өкінеді екен. Сондықтанда мүмкіндік бар кезінде Алла Тағалаға құлшылық қылып, сауапты істерді көбірек жасауға асығайық, ағайын!

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
2 года назад 981
0 комментариев
О блоге