Ұлтқа қызметті осылардай-ақ жасайық!

Осы бір ойлар сана түкпірінде жүргелі көп болды. Былтыр Құл-Керім ағаның үйінде сүйініп отырып әңгімелеп едік осы тақырып төңірегінде. Бұл имамдар жайлы сөз болатын. "Ұлтқа қызметті осылардай-ақ жасайық!" -дейді Керім аға! Ары қарай кезектесіп, түйдектеліп кете берді әңгіме. Ұзын ырғасы былай. Оларды мемлекет пәлен ақша төгіп "Болашақ" бағдарламасымен оқытқан жоқ, біреуі тайын, біреуі тайыншасын сатып өздері оқып келді. Және қай ауылдың мешітіне жіберсең де бас тартып, кергімейді. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы да оларды айналып өтеді. Мереке сайын мерекелік және пенсия қорына ақша құйылып тұратын біз секілді бюджеттен арнайы айлық алмайды. (Қателеспесем, өткен жылдан бері ғана Бас имам мен найб имамға беріліп жүр-ау). Сөйте тұра қазақтықтың да абыройын көтеретін осы мешіт, имамдар екен. Қараңыз, қазақы тақия мен шапанды осылар киеді. Және оны сахнаға шыққанда ғана жылт еткізетін әртіс-мазақ секілді емес, анау мемлекеттік жиналыстарда, мәртебелі мінберлерде осы шапанның шын бағасын, орнын әйгілеп киіп жүрген имамдардан басқа кімді көрдіңіз? Қарап отырсаңыз, тәуелсіздік тарихында миллиондаған адамға жүз пайыз қазақша жиналыс жүргізетін орын - мешіт қана екен. Жұмаға жиналған жамағаттан үлкен жиналыс болған емес, болса қазақша өткізілген емес. (Осындайда ұлтты діннен бөле қарап "ұлтшыл" атанғысы келетін кейбір бауырларға "әттең-ай.." дейсің, әттең-ай!) Алайда, мемлекеттік тілге бөлінетін миллиондардың, миллиондарға қазақша сөйлейтін мешітке бір тиыны бөлінбейді! Жемқорлардың жемсауында кетеді. Ол қызметіне ақша сұраған мешіт жоқ. Ойына да кіріп шықпайды. Алла дінін ешкімге мұқтаж етпейтіні осыдан-ақ көрініп тұр емес пе?! Қызметкерлер мешітке садақаға түскен қаржыдан бала-шағасының нәпақасын айырады. Ол да ешкімнің үгіт-зорлығынсыз дінге ниеті дұрыс жамағаттан түскен қаржы әрине. Сөйтіп отырып кедей-кепшік, жетім-жесір, ғарып, қартта үйі, балалар үйі дегеннің барлығы Алланың үйі - мешітті жағалайды. Басқа бір мекемеге тегін көмек (ақша) сұрап барған адам баласын көрдіңіз бе? Жоқ! Өсімді қарыз беріп, неше есе қылып желкеңнен сығып алады. 

Бұл күнде біз (көбіміз) ұрпағымызға ұлағаттылық таратып, имандылық жолына үгіттейтін азаматтардан гөрі, әнші-биші, шоушы, жыртыңбайларды көп қолпаштаймыз. Туысымызға қимайтын ақшаны аямай төгіп, тойға соларды шақырамыз. Әйтпесе, өміріңнің бүкіл маңызды кезеңінде қасыңнан табылатын дін адамдарының, имамдардың орны бөлек еді. (Имам деп айта берейін, жалпы дін тұтқасындағы адамдар ғой) Балаң туылғанда құлағына азан шақыратын кім? Имам. Ұлыңды сүндетке отырғызатын кім? Имам. Үйленгенде бәрінен маңызды болған ақ некені оқитын кім? Имам. Өмірден өткенде жаназаңды оқитын кім? Тағы да имам. Онда да қазықтай қақиып шетте тұрмай, қайғыдан қабырғасы сөгіліп отырған туыс-тумаларға басу айтып, көңілдерін жұбатып бәйек болатын да сол имам. Тіпті кейбір жақын деген туыстары мәйтті жууға кірмей қойғанда, білек сыбанып кіретін де имам екен. Бұл барлығымыздың басымызда болатын жалпы жағдайға байланысты айтып отырғанымыз, жекелеген проблемаларға байланысты қиналғанда кеңес сұрайтынымыз тағы да сол кісілер.
Жоғарыда айтқандай әншілерді тойға шақырамыз, пәлен ақша береміз. Ең жәутік деген әншіңе бес жүз доллар бермей тойыңа келтіре алмайсың. Дайын әнін компьютерге салып айтады да жүре береді. Ризалықпен, жапырыла суретке түсіп, сүйіп, сипап шығарып саламыз. Ақша бердік деп еш өкінбейміз де, сөкпейміз. Ал, жоғарыдағы бүкіл қызметті атқаратын имамдарға келгенде, пакетке салған бір жамбасты сөз қылатындар бар...
Біз бұл жерде имам атаулыны сүттен ақ, судан таза деп отырған жоқпыз. Олай болмайтынын барлығыңыз білесіздер. Бәрі де салыстырмалы ғой. Олардың әр қайсысының иман, білім деңгейі әр түрлі дегендей. Құранның Бақара сүресінде "Және аяттарымды аз ғана бағаға айырбастамаңдар (дүниелік үшін бұрмаламаңдар) да Менен ғана қорқыңдар. (41)" дейді екен. Жаңағы жамбасты, кейбір конвертті біреуі аят оқығанына ақы ретінде алса, біреуі басқа ниетпен алатын шығар. Тіпті біреулері алмайтын да болуы керек. Ол жағына біздің тісіміз батпайды, біліміміз жетпейді. Сондықтан о деп, бұ деп айта алмаймыз. Және оған пәтуә айту біздің шаруа емес.
Сонымен, Аллаға шүкір! Дінімізге мемлекеттің қылып жатқан қамқорлығы да аз емес, өзгесін былай қойғанда салынып жатқан мешіттерді айтсақ та жетіп жатыр. Кейбір тиымдар (мекемелерде намаз оқымау деген секілді) жан-жақтағы түрлі жағдайларға байланысты қойылып жатады. Ол да біздің қауіпсіздігіміз, еліміздің тыныштығы үшін деп білеміз. Тыныштық болмаса, қазақылығың да, тілің де, той да, әншің де әдірем қалмай ма?! Мешіт те, имам да қай жағдаймен кімге қызмет қылмақ?
Бұл жазғанымызда кемшілік те, қайшылық та жетеді. Өйткені адам жазып отыр ғой. Және діни тақырыпты қамтып. Елдің бәрі ақшасын әншіге шашып жатқан жоқ, (әншінің де әншісі бар, біз елірме, зиянкес, тәкаппарларын айтып отырмыз) жоғарыда айтып отырғанымыз да жалпылық жағдай. Аллаға шүкір, ел ішінде салихалы сөз айтар азаматтарды төрге оздырып, насихатын тыңдайтын ағайындарымыз көбейіп келеді. Өйткені, олар өздерін емес, Алланың сөзін, Алланың ақиқатын насихаттаушы.
Қасиетті Рамазан айында еліміздің әр өңірінде жамағатқа жатпай-тұрмай насихат айтып, ізгілік жолына шақырып, талмай-талықпай тарауих намазын өткізіп жатқан имам, қариларымызға шын көңілден ризашылығымызды білдірсек деген ниетпен осы жолдарды жаздық. Артық-кемі үшін айыпқа бұйырмассыздар! Алла олардың істеріне береке берсін! Олардың істерінің берекелі болғандығының бір көрінісі - елдің (біздің) иман, білімінің артқаны. Алла бәрімізді екі дүниенің жақсылығына бөлеп, жеңілдіктерін нәсіп еткей! Бәрімізге қос дүниелік мақсаттағы игі істермен айналысуды жазғай!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
2 жыл бұрын 693
1 пікір
Блог туралы