Жерді жарып, таудан асып көр кәне?!

ХIV-XV ғасырларда өмір сүрген Асан қайғы бабамыз адам баласының бойындағы жақсы қасиеттерді айта келіп:

Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілмен таласпа.
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа,
Білімім жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді,
Өтірік сөзбен қостама, – деп жақсы қасиеттерге үндейді. Осындағы кішіпейілділік пен қарапайымдылық адам баласының бойындағы ең көркем сипаттардың бірі. Қазіргі қоғамда кішіпейілділік танытып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете бастаса, оны жағымпаздық немесе қорқақтық деп қабылдайтындар да табылып жатады. Асылында қарапайымдылық олар ойлағандай емес. Мәселен, кішіпейіл адамдар жемісі көп мәуе ағашы секілді. Ол неғұрлым жеміс көп салған сайын соғұрлым иіле түседі. Мұндай жеміс ағашын кез-келген адам жақсылыққа пайдаланады. Ал бойында түгі жоқ тәкаппар адамдар қурап кеткен ағаш секілді тік тұрады. Оның жеміс бермек түгілі көлеңкесі де сая болмайды. Осыны білген ата-бабаларымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білгенін аңғарамыз. Мәселен, ХХ ғасырда өмір сүрген ақын Қайыпназар Әйтпенов:

Адамды екі сөзді ер демегін,
Тобырды қонысы жоқ ел демегін.
Бақ қонса көпшілікпен санасып жүр,
Өзіңнен басқа жанды кем демегін.
Кездейсоқ басыңдағы баққа сеніп,
Қағынып сөзбен ерді жердемегін, – деп адамзатты ізгі қасиеттерге үндейді. Бірде Балаби қартайған шағында халқын жиып:

Жерден ауыр не?
Судан терең не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не? – деп сұрақ қояды. Бұл сұрақты ешкім шеше алмайды. Сонда Балаби:

Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім.
Судан терең дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім – фани жалған, адамның өмірі.
Көктен биік дегенім – тәкәббардың көңілі, – деп жауап берген екен. Расында да адам баласы қанша жерден өзін биік санағанмен таудан биік бола алмайтыны белгілі. Алла Тағала Құранда: «Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың. Осы барлық жаман нәрселер, Раббыңның қасында жек көрілген» /Исра 37-38/, – дейді. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді», – дейді. Сонымен қатар, исламның қайнар бұлағынан сусындаған ата-бабалырымыз да тәкаппарлықтан қашырып, жақсы қасиеттерге үндеп отырған. Бұл жайында Ахмет Йүгінеки бабамыз:

Тәккаппар тонын киме «біл!» демегім,
Халықты кеуде керіп тілдемегін.
Нышаны момындықтың – кішіпейіл,
Кішік боп еш адамды күндемегін...
Өзгертпе ұлық болсаң өз күйіңді,
Ұмытпа шайы кисең бөз киімді.
Дәрежең өскен сайын ұстамды бол,
Айта біл жас-кәріге сөз түйінді...
Тағы бір керекті сөз айтам дастан,
Ұғып ал құлақ салып мендей достан.
Айнымас кішіпейіл бола білгін,
Аластап тәкаппарлық ойды бастан, – деп кішіпейіл адамның абыройы асатынын, ал тәкәппар адамның құты қашатынын тілге тиек етеді. Сонымен қатар, Жүсіп Баласағұн өзінің бір сөзінде: «Тәкаппар адам ұшпаққа шықпас», – десе тағы бірде: «Тәкаппарлық хақ жолынан тайдырар», – деп тәкаппарлықтың зиянды тұстарын айтып өтеді. Сондықтан да, дана халқымыздың: «Кішіпейіл болғаннан кішірейіп кетпейсің, Өр көкірек болғаннан ұлылыққа жетпейсің», – деуі тегін болмаса керек. Расында да адамзат баласынның абыройын асқақтатып тұратын қарапайым мінез бен кішіпейілділік екені сөзсіз. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді. Кімде-кім көкірек қақса, Аллаһ оны мұрнымен жер сүзгізеді», – дейді. Олай болса кішіпейілділік кісілік қасиет екенін естен шығармайық.

Ерболат АйтбайұлыЕрболат Айтбайұлы
2 жыл бұрын 899
0 пікір
Блог туралы